Астана процесі аясындағы келіссөз нәтижелі аяқталды — Әлібек Бақаев

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Сириядағы жағдайды реттеуге арналған Астана процесі аясындағы халықаралық келіссөздердің 22-ші раунды нәтижелі аяқталды. Бұл туралы аталған келіссөздердің жалпы отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті.

Әлібек Бақаев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бүгін Астана процесі аясында Сирия жөніндегі жоғары деңгейдегі кезекті 22-халықаралық кездесу нәтижелі аяқталды. Соңғы 2 күн ішінде келіссөзге қатысушы тараптар Астана процесінің кезекті отырысы аясында Сириядағы жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызы әрі мазмұнды келіссөздер өткізді. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы өзінің мүмкіндіктеріне орай достас Сирия халқын және сирияішілік реттеу процесін қолдауға күш-жігерін салып келеді», — деді министрдің орынбасары. 

Оның атап өтуінше, Сирия жөніндегі Астана форматы аясында Қазақстанда өткен келіссөздердің деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы шиеленісті тоқтату және адам шығындарын азайту тәрізді бастапқы мақсаттары бүгінде толықтай орындалып, сириялықтардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қайта қалпына келтіруге зор мүмкіндіктер ашып отыр.

«Осы орайда, мүдделі тараптар Астана процесінің нәтижесінде қалыптасқан қолайлы жағдайды барынша тиімді пайдалана отырып, қақтығыстың саяси шешімін табуға барынша ықпал етеді деген кәміл сенімізді білдіреміз», — деді Әлібек Бақбаев. 

Кездесуге қатысу үшін Қазақстан елордасына 11 делегация келді. Сирия Үкіметінің келіссөз тобына Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрдің орынбасары Айман Раад жетекшілік етсе, Сирия оппозициясы атынан Ахмад Тома басшылық етті.

Сонымен қатар кездесуге кепілгер елдердің делегациялары қатысты: Ресей делегациясын Сириядағы жағдайды реттеу бойынша РФ Президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын ТР СІМ-нің Екіжақты саяси қатынастар жөніндегі бас директоры Мустафа Юрдакул, ал Иран делегациясын ИИР СІМ-нің Арнайы саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Али Асгар Хаджи.

Келіссөздерге бақылаушы ретінде Иордания, Ливан және Ирак өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар — Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы және Қызыл Крест өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар