Астана процесі Сирия мәселесін реттеудегі негізгі алаң болып қалғанын қалаймыз – Александр Лаврентьев

Александр Лаврентьев
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Сирия жөніндегі Астана процесінің ХХІ отырысы басталып кетті. Процестегі кепілгер мемлекеттің бірі Ресей Федерациясынан келген делегация басшысы Александр Лаврентьев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, былтыр аяқталуға тиіс болған Астана процесінің биыл неге қайта жалғасқанын айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан тарапы былтыр маусым айында Астана процесінің соңғы отырысын өткізіп отырғанын айтқан. Біз – Сирия жөніндегі Астана процесінің кепілгер елдері (Түркия, Иран, Ресей – ред) осы мәселені зерделеп, «Астана қабылдаушы алаң ретінде қала беру керек» деген қорытындыға келдік. Әрине, бұл өтініш еді. Қазақстан басшылығына үш елдің бірлескен өтініші болды. Яғни, Түркия, Иран, Ресейдің бастамасымен Астана процесі қайта жалғасты», - деді Ресей делегациясының жетекшісі.

Оның пайымынша, қазір Қазақстанның халықаралық істердегі белсенділігі артып келеді.

«Біз Қазақстан басшылығының Сирия мәселесін реттеуге де белсенді қатысқысы келетінін көріп отырмыз. Бұл жерде мына ақпарат мәлім деп ойлаймын. Қазақстанның контингенті Голан жотасындағы бітімгершілік іс-шараларға қатысады. 139 әскери қызметші БҰҰ-ның Голан жотасындағы миссиясына атсалысады. Ол жерде біздің «Росгвардияның» да бітімгерлері өңірдегі тұрақтылықты қолдап отыр. Мемлекеттеріміздің осы алаңда да өзара ықпалдастығы артады, әрі пайдалы болады деп ойлаймын. Сондықтан Астана форматы Сирия мәселесін реттеуде өте тиімді тетік болып қала береді деп есептеймін. Дегенмен Сирия мәселесін реттеуді аяқтайтын кезең әлі алыста екені түсінікті. Қарсы тараптардың арасындағы сенім деңгейі әлі төмен күйінде қалып отыр», - деді Александр Лаврентьев.

Соңғы жаңалықтар