Астана процесінің нәтижесінде Сирия мәселесі шешімін табады деп үміттенеміз – СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша мәлімдемені оқыды. 

Сирия мәселесі
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, мүдделі тараптар қақтығыстың саяси шешімін табады деп үмітті.

«Тараптар екі күн бойы Сириядағы жағдайды одан әрі тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды және мазмұнды келіссөздер жүргізді. Астана процесінің арқасында Сириядағы жағдай айтарлықтай тұрақтанып, қалпына келтіру кезеңінің алдында тұр деп айтуға толық негіз бар», - деді Әлібек Бақаев. 

Сондай-ақ вице-министр Сирияға қатысты шешілмеген мәселелер кепілгер елдердің күш – жігері және БҰҰ-ның тұрақты қолдау арқасында тиімді реттелетінін айтты.

«Осыған байланысты мүдделі тараптар Астана процесінің нәтижесінде қалыптасқан қолайлы жағдайды барынша пайдалана отырып, жанжалдың саяси шешімін табады деп үміттенеміз», - деп толықтырды спикер.