«Астана» радиосында жаңа бағдарламалар тыңдармандарға жол тартты

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қыркүйек айында «Астана» радиосының тыңдармандарымен бөлісетін жаңалықтары мол болып отыр.

«Астана» радиосында жаңа бағдарламалар тыңдармандарға жол тартты

Жаңа жобалар да жетерлік. Көпшілігі жастардың аудиториясына бейімделген.

Алмас Байдрахманның жүргізуіндегі «Әділет әлемі» хабары қабылданған заңдар мен қаулы-қарарлар және құқықтық бағытта өрбиді. Әр сейсенбі сайын 13:20 да өтетін «Әділет әлемі» хабары арқылы тыңдармандар заң, құқық саласында өздеріне толыққанды мәлімет ала алатын болады.

Тыңдармандарды әр күннің атаулы оқиғаларымен, дүниежүзі және елдегі қызықты жаңалықтармен, сол күні дүниеге келген танымал тұлғалардың өмірі және еңбегімен таныстыратын «Кешкі Астана» хабары да тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленбек. Аталмыш бағдарлама дүйсенбі мен жұма аралығында күнделікті тікелей эфирде сағат 17:20 мен 18:50 аралығында жүреді. Бағдарламаға Астана радиосындағы музыкалық жүргізушілердің барлығы атсалысады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш деп таңбаланып, артына өшпес із қалдырған отандастар аз емес. Олар қазір біздің арамызда жүр. Осындай тұңғыш деп танылған тұлғалар «Тұңғыштар» хабарында дәріптеледі. Әр сейсенбі сайын 19:20 -да «Тұңғыштар» бағдарламасын Зейнет Мұсабаеваның жүргізуінде тыңдай аласыз.

Жанболат Шәкімнің «Шабыт» хабары әр сенбі күні 14.20 -да басталады. Хабардың мақсаты - халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттарын, өнердің әр саласында биік белестерді бағындырған жас таланттарды қолдау, насихаттау.

«Шарайна» апталық-сараптамалық бағдарламасы әр жексенбі күні сағат 12:20 мен 12:40 аралығында Досымжан Ермұраттың жүргізуінде өтеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты әлемдегі және Қазақстанда болған аптадағы айшықтағы оқиғаларға шолу жасау. Сарапшылар мен саясаткерлерді қатыстыру арқылы тыңдармандарға дәл әрі анық ақпараттарды жеткізу. Бағдарламаның орыс тіліндегі шығарылымын Николай Федотов дайындап, тыңдаушыларға ұсынады. Ресми тілдегі жаңа жобалар мұнымен шектелмейді.Ал әр күн сайын кешкі сағат 19.00-21.00 аралығында орыс тілінде шығатын «В Час пик» ақпаратты-ойын-сауықтық бағдарламасы Астана тұрғындары мен қонақтарының бір күндік тыныс-тіршілігімен таныстырады. Тыңдармандарымыз қалада қандай маңызды оқиғалар болды, қай жерде, қашан - осының барлығын оқиға орнында болған біздің тілшілеріміз арқылы біле алады. Оған қоса, өздері де студиямызға хабарласып, тікелей толқында қала тіршілігінің түйткілді мәселелерін талқылап, өз ой-пікірін, көзқарасын білдіре алады.

«Вас приняли» - әр дүйсенбі сайын сағат 15.20-да тікелей эфирде шығатын Жанна Чуланованың авторлық бағдарламасы. Хабарды тыңдау арқылы мамандық иелерімен сұхбаттасып, сан түрлі кәсіптің қыр-сырына үңіле аласыз. Тек тыңдап қана қоймай, хабар қонағына өз сұрағыңызды қою арқылы толымды жауап аласыз.

Әр сенбі сайын 13.20-да Салтанат Арықбаеваның «Интернейшнл Ревю» ақпараттық-сараптамалық хабарынан жұртшылық елімізде және әлемде болып жатқан саяси оқиғалар мен мәдениет, спорт, білім салаларындағы жаңалықтарды таба алады.

«Точка опоры» хабары әр сәрсенбі сайын 19.20-да шығады. Әр адам күйбең тірліктен, айналадағылардан кейде қажып, өзін мазалаған сан сұраққа жауап іздейді. Өзін толғандырған мәселенің шешімін тапқысы келген тыңдармандарымыз эфирге хабарласып, сұрақтарын қоюына әбден болады. Арнайы мамандар, психологтар сұрақтарыңызға жауап беретін болады.