Астана Расул Ғамзатовтың 90 жылдығын атап өтті
Расул Ғамзатов әнге айналған көптеген тамаша өлеңдердің авторы ретінде танымал. Бүгінгі кеште де оның «Я тебя никогда и нигде не забуду», «Журавли», «Дололай» және тағы басқа шығармалары орындалды. Сондай-ақ кеш аясында «Расул Ғамзатов - мейірім мен адамгершіліктің жыршысы» атты кітап көрмесі ашылды. Мұнда кітапхана қорындағы ақынның жыр кітаптары - Р.Ғамзатовтың бес томдығы, «Двадцатый век», «Песнь любви», «Горянка», «Сказания», «Суди меня по кодексу любви», «Книга юмора и сатиры» сынды еңбектер қойылды. Оның ішінде «Тырналар» және «Менің Дағыстаным» қазақ тіліндегі жинақтар да бар.
«Расул Ғамзатов қазақстандық жазушылармен жақсы қарым-қатынаста болды. Олар Р.Ғамзатовты құрметтеді. Сол үшін осы жерге, Қазақстан халқына шексіз алғысымды білдіремін», - дейді Дағыстан Республикасының Қазақстандағы өкілі Чаржа Гаджимирзаев.
Айта кетейік, биыл ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Расул Ғамзатов - мейірім мен адамгершіліктің жыршысы» атты халықаралық байқауға қатысуда. Аталған шара Расул Ғамзатов атындағы Хасавюрт орталық қалалық кітапханасының бастамасымен өтіп жатыр. Байқаудың негізгі мақсаты - жас оқырмандарды поэзияға тартып, соның ішінде Р.Ғамзатовтың шығармашылығын насихаттау. Осыған орай, Ұлттық академиялық кітапхана «Расул Ғамзатов: қазақстандық оқырманмен диалог» тақырыбында блог ашты (https://nabrk.blogspot.ru). Онда «ҚР ҰАК және Расул Ғамзатов», «Расул Ғамзатов және Қазақстан», «Біз әлі Сіз туралы сүйіспеншілік пен таңдануға толы шығармалар жазамыз...», «Мы помним, мы любим, мы читаем....» атты бөлімдер бар.