Астана республикалық ІЖӨ-дегі үлестік салмағы бойынша төртінші орында

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Соңғы 13 жылда жалпы өңірлік өнім 50 еседен астамға өсті. Астана республикалық ІЖӨ-дегі үлестік салмағы бойынша (8,1 %) төртінші орында тұр.

Астана республикалық ІЖӨ-дегі үлестік салмағы бойынша төртінші орында

Бұл туралы Премьер-Министрдіңfacebook парақшасы мен pm.kz. сайтында жарияланған ақпараттан мәлім болды. Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында аталмыш веб-ресурстарда өңірлердің жетістіктеріне арналған мақалалар мен жаңалықтар жарияланып отырады.

1997 жылдан бері өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,2 млрд. теңгеден 2010 жылдың қорытындысы бойынша 111,3 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

ҮИИД бағдарламасы бойынша индустриялық паркте «Talgo» жолаушылар вагондарын, металл конструкциялары мен жиһаз шығаратын зауыттардың құрылыстары, сондай-ақ көкөніс қоймасы мен логистикалық кешен құрылысы жобалары жүзеге асырылуда. 1997 жылдан бастап негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21 есеге өсті, яғни 19,3 млрд. теңгеден 2010 жылғы 396,6 млрд. теңге дейін.

Қазір елордада шағын кәсіпкерліктің 26,9 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді, ал экономиканың нақты секторында жұмыспен қамтылғандардың саны бірнеше есеге өсіп, 137 мыңнан астам адамға жетті.

Елорданың үдемелі дамуы мен кешенді құрылысқа қомақты инвестицияларды тартудың арқасында тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны қамтамасыз етілуде. 1997 жылдан бергі аралықта пайдалануға берілген тұрғын үй саны 20 еседен астамға артты, оның ішінде соңғы үш жылда жыл сайын 1,5 млн. шаршы метрге дейін тұрғын үй іске қосылды.

Осы аралықта елордада ауқымды құрылыстар жүргізілді: ескі қалада үлкен жаңарту жұмыстары жүзеге асырылса, сол жағалауда жаңа әкімшілік орталық пайда болды.