«Астана» РТС-ын жаңарту радиосигнал толқыны сенімсіз «көлеңке аймақтарды» жоюға мүмкіндік берді - Қазтелерадио
АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 ақпанда Қазақстан Республикасының радиохабар тарату Ұлттық желісін дамыту аясында «Астана қаласындағы радиохабар тарату желісін жаңарту (модернизациялау)» жобасы аяқталды.
«Қазақстан Республикасының телерадиохабар тарату саласының ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ еліміздің бас қаласы Астанада радиохабар тарату жұмысының сапасын арттыру мақсатында, «Астана» радиотелевизиялық стансасын жаңарту жобасын аяқтады. Аталған жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде, елорда тұрғындары бүгінгі күні жұмыс жасап жатқан радиохабарларды жаңа сапада тыңдап қана қоймай, жаңадан трансляцияланатын «Жұлдыз» радиобағдарламасын тыңдау мүмкіндігіне ие болды», деп хабарлайды «Қазтелерадио» АҚ-ның баспасөз қызметінен.
Телерадиохабар тарату саласындағы заманауи қондырғыларды пайдалану бас қаламыздағы радиосигнал толқыны сенімсіз «көлеңке аймақтарды» жоюға мүмкіндік берді. Егер бұл жұмыстарға дейін мемлекеттік «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиобағдарламалары Астана қаласына іргелес жатқан 33 елді мекенге таралса, бүгінде олардың саны 54-ке жетіп, тұрғындардың 92%-ын құрады.
«Астана» радиотелевизиялық стансасынан сапалы радиохабарды тарату үшін «Қазтелерадио» АҚ қызметкерлері қабылдау-тарату қондырғыларын жаңа техникалық талаптарға сәйкестендіріп, сандық телерадиохабар таратуды бақылау мен мониторингтеу жүйесімен байланыстырды. Бұл пайдаланып отырған қондырғыларды колдану мен жөндеу жұмыстарын жеңілдетіп қана қоймай, радиохабар тарату жұмысының сапасын арттырады.
Бүгінгі таңда «Астана» РТС-нан заманауи қондырғыларды пайдалана отырып, 12 отандық радиоарна трансляцияланады. Жаңа қондырғыларды іске енгізу жұмысы, «Астана» РТС-нан таралатын телерадиохабарлардың техникалық қызмет өкілдерінің қатысуымен жүзеге асты.