Астана саммиті ұйым тарихының жаңа дәуірін ашты – сарапшы пікірі

ҚСЗИ Бауыржан Әукен
Фото: Бауыржан Әукеннің жеке мұрағатынан

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Азиялық зерттеу бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммиті жаңа кезеңнің бастамасы болып жатқанын айтты.

Астанадағы саммит ШЫҰ тарихының жаңа дәуірін ашып жатыр деуге толық негіз бар. Аталған жиында стратегиялық тұрғыдан маңызды дүниелерге көз салынды. Энергетика саласында бірқатар құжаттарға қол қойылды, оның барлығы да болашақта біртіндеп өз жемісін беруі қажет.

2024 жыл ШЫҰ-да «Экология жылы» болып жарияланғанын білеміз. Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде Алматы қаласы ШЫҰ-ның Мәдени астанасы атанды. Бұның өзі қаланың абыройын көтеріп, туризм әлеуетін арттыруға септесті. Ұйымның мәдени-гуманитарлық сала бойынша жақсы жұмыстар атқарып жатқанын атап өту керек, – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы әлемде дүрбелеңдер туып, келеңсіз оқиғалар көбейген уақытта Қазақстан татулыққа үндейтін маңызды қадамдар жасай алды деп санайды.

Әлем саясатында тұрақсыздық болып тұрған кезеңде көптеген мемлекет басшыларының басын қосып, жаңа бастамаларға шақыру – еліміздің жаһандық аренада орны ерекше екенін айқындады.

Әсіресе еліміздің экономикалық тұрғыдан жетістіктерге жетуге мүмкіндігі бар, себебі ШЫҰ елдері өзара тауар айналымын дамытуда, инвестициялар тартылып, жобалар қолға алынды. Саммиттен кейін экономикалық байланыстар нығаярына сенім мол. Саммит халықтар арасындағы достықтың нығаюына, мемлекеттердің бір-біріне сенімі артуына, Қазақстанның болашағына оң әсер етеді, – деп түйіндеді Бауыржан Әукен.

Соңғы жаңалықтар
telegram