«Астана саммиті Қазақстанның жұлдызын жарқырата жандырады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 12-сі, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада еліміздің құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша кеңес өткізген. Жиын барысында Елбасы Үкіметке құқық қорғау жүйесін реформалау туралы заң жобасын халықаралық талаптарға жауап бере алатындай етіп әзірлеп, биылғы жылы Парламентке енгізуді тапсырған. Сондай-ақ мақалада ҚР Президентінің «құқық қорғау ведомстволарының бірін-бірі қайталауын болдырмай, олардың жұмысын тиімді ету, әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, бұрынғы кеңестік жүйенің келеңсіз мұраларынан арылу қажет» деген сөзі де келтірілген. Мақаланың толық нұсқасын басылымның бейсенбілік нөміріндегі «Заңдар барынша ізгіленуі қажет» деген тақырыптан оқи аласыздар.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ибраһим Хасан Сейфпен кездесті», деп жазады «Айқын» газеті. БАӘ Елшісі ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер Сыртқы істер министрліктері кеңесі осы ірі халықаралық ұйым Саммитін 2010 жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері Астанада өткізу туралы шешімнің маңыздылығына тоқталған.Осы тұрғыда бұл шешімнің қабылдануы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаһандық бастамасы мен жоғары халықаралық беделінің нәтижесі болғандығын атап өткен. Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин Ұлт көшбасшысының, партия төрағасының қызметі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы шешімнің қабылданған кезінде ғана маңызды актив болып қоймай, Астана қаласында ұйымға қатысушы елдер Саммитін өткізу туралы шешімнің қабылдануына да мүмкіндік туғызғандығын баса айтқан.

«Қазақстан» телеарнасы қырық екі сериялы туынды түсіріп жатыр. Бұл жағымды жаңалықты «Айқын» газеті жариялап отыр. Басылымның жазуынша, отандық кинематография тарихында тұңғыш рет 42 сериялы болып түсіріп жатқан «Айналайын» туындысы әзірге қазақ киногерлеріне таңсықтау «SitCom» форматында болмақ. Сериалға Бекжан Тұрыс, Кәдірбек Демесін, Гүлжамал Қазақбай, Данагүл Темірсұлтан сынды танымал актерлермен қатар эстрада жұлдыздары Асылбек Еңсепов, Сейфуллин Жолбарыс, Роза Рымбаева шақырылған.

***

Көптеген елде әскер қызметтің бір саласы ретінде ғана қарастырылған. Яғни азаматтарды әскерге баруға ешкім міндеттемейді, қалаған адам ғана келісімшарт арқылы бұл қызметті атқарады. Ал әскерге барғысы келмейтіндер мемлекетке басқа салалар арқылы қызмет етеді. Кейбір мамандарымыз Қазақстанға осы тәжірибені енгізу қажет деп есептейді. Ал екінші жағынан алып қарасақ, қазіргі күні жастар арасында «Отанға қызмет ету» деген ұғым азайып бара жатқан секілді. Сондықтан да екінші бір мамандар «әскери міндетін өтемеген, жалтарған азаматтарды мемлекеттік қызметке алмау керек» деген пікір ұстанады. Осыған орай «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Ой-көкпар» айдарында «Әскери міндетін өтемеген азаматтарды мемлекеттік қызметке алмау қажет пе?» деген сауалды мамандары назарына ұсынған. Олардың жауаптарын оқығыңыз келсе басылымның бейсенбілік нөміріне назар аударыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің «Дат!» айдарында ҚР ҰҒА академигі, профессор Мәкен Тойшыбековпен арадағы сұхбат «Қазақы мал тұқымын сақтап қалатын арнайы мемлекеттік бағдарлама керек» деген тақырыппен басылған. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «егер біз өзіміздің қазақтығымызды сақтап қалғымыз келсе, алдымен қазақтың ескі малының тұқымын, яғни ежелгі мал басын сақтап қалуға күш жұмсауымыз керек. Осыған орай бізге қуатты технология, білікті маман керек. Үкімет тарапынан белгілі бір дотациялар, субсидиялар бөлінуі қажет. Әйтпесе біз ата-бабамыздың мирас етіп қалдырған ежелгі мал тұымын мүлдем жойып аламыз», депті.

***

«Астана саммиті Қазақстанның жұлдызын жарқырата жандырады». Осы тақырыппен «Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік нөмірінде жарық көрген сұхбат Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен арада өрбіген. «Астанада өткізілетін Саммит халықаралық қауымдастық тарапынан әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту, Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылықтарды еңсеру, Еуратлантика және Еуразия кеңістігінде бөлінбейтін қауіпсіздік қоғамдастығын құру жолындағы Қазақстан мен оның жалпыұлттық көшбасшысының ерекше рөлін мойындаудың жарқын үлгісі болмақ. Бүгін біздің Астана Саммиті - Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы табысты жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатының салтанатына айналады деп мәлімдеуге толық негізіміз бар», депті екеуара әңгіме барысында Қ.Саудабаев.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевты қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. О.Өксікбаев Елбасына комитеттің ағымдағы жылдың алғашқы жартысындағы жұмысы туралы баяндады. Атап айтқанда, республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы туралы айтты. Ел экономикасы дамуындағы оң үрдістердің нәтижесінде 2009 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, салық түсімдері 2 пайызға өскені атап өтілді. «Президент Есеп комитетіне Қаржы министрлігімен бірлесіп бюджетті жоспарлау әдістемесін пысықтауды тапсырды. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық ұлттық қорларын тексеруді және олардың жұмысының тиімділігі туралы баяндауды тапсырды», деген О.Өксікбаев.

Соңғы жаңалықтар