Астана Саммиті - Нұрсұлтан Назарбаевты жетекші елдердің басшылары да қолдайтындығын көрсетті - М.Алтынбаев
АНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан өзінің өнегесі арқылы шағын халқы бар мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына қалайша ықпал ете алатындығын көрсетті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, биік бедел мен үлкен абыройға жетті.
Астанада үлкен Саммиттің өтуін халықаралық ұйымға мүше елдердің барлығы қолдады. Бұл Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты жетекші елдердің басшылары да қолдайтындығының белгісі»,-деді бүгін Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев палатаның жалпы отырысында Мемлекет басшысының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты ұсынысты талқылау барысында.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында көптеген елдер үшін әлі күнге дейін өзекті болып отырған шекара мәселесін халықаралық құжаттармен заң жүзінде мызғымастай етіп бекітті. «Бүгінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ауқымды әлемдік экономикалық дағдарыс еңсерілді. Қазір халқымыздың талай ұрпағының тағдырын айқындайтын үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың жауапты кезеңі. Осындай жағдайда елді, халықты қандай қиын жағдайлардан болмасын абыроймен алып шыққан тарихи өлшемдегі міндеттерді шешу қабілетін танытқан көшбасшымыз, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа сену дұрыс деп санаймын»,-деді М.Алтынбаев.