Астана Саммитінің маңыздылығы мен өзектілігін жастар да сезініп, қолдауда
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ТМД елдері арасында тұңғыш ұйымдастырылып отырған Астана Саммиті тарихтағы конвенциялар мен ұлы хартиялар тізімі қатарынан саяси құжат ретінде орын алмақ. Семей медицина академиясының 5-курс студенті Динара Әлімбекова ҚазАқпарат тілшісіне осындай пікірін білдірді.
Студенттің айтуынша, Саммит ең алдымен дүние жүзі елдері алдында Қазақстан Республикасының беделін арттырады. «Саммитке ЕҚЫҰ ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының және халықаралық ұйымдар өкілдері келуінің өзі біздің еліміздің әлем алдындағы беделін айғақтап отыр», - дейді Д.Әлімбекова.
Сонымен қатар ол Саммит мәжілісінің бірінші отырысында Ирландияның ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі Иэн О Лири: "Орта Азия мемлекеттері арасында Қазақстан өз белсенділігі мен дипломатиялық ерекшелігі бойынша дараланып отыр",- деп атап өтуі Қазақстан саясатына берілген оң баға деп білетіндігін жеткізді.
«Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Орталық Азия мемлекеттері арасында алғашқы болып төрағалық жасауы Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі деп білем. Біз бүгінгі студенттер - ел ертеңі, ел болашағымыз. Сол себептен бұл саммиттің маңыздылығы мен өзектілігін жастар да сезініп, қолдайтындығын айтқым келеді. Еліміздің күллі әлемді өзіне назар аудартып, Елордамызда дүниежүзі ғалымдары мен саясаттанушылардың басын қосуы біздің болашағымыздың өркениеттілігі мен жарқын кемелділігіне тағы бір үлес қосары сөзсіз», - дейді студент.