«Астана -Щучинск» тас жолында жүк көліктеріне жүктеменің көлемі арттырылды

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «Астана-Щучинск» тас жолымен өтетін жүк көліктері үшін жалқы білікке түсетін жүктемені 11,5 тоннаға дейін арттыруды жоспарлауда.

«Астана -Щучинск» тас жолында жүк көліктеріне жүктеменің көлемі арттырылды

Мұндай шешім көліктердің аталған автомагистральмен жүріп өткені үшін ақы енгізілуіне және жол жабындысының жоғары сапалық сипаттамасына байланысты қабылданып отыр.

Жалқы білікке түсетін рұқсат етілген салмақ көлемін арттыру тасымалдаушыларға қосымша төлемақысыз немесе айыппұлсыз тасымалдайтын жүк көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

«Айтып өту керек, бұл үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу қажет. Қазіргі күні жалпы қолданыстағы республика жолдарында автомобильдің жалқы білігіне рұқсат етілген жүктеме көлемі 10 тоннаны құрайды. Бұған қоса, көктемгі және жазғы мезгілдерде қосымша шектеулер енгізіледі. Бұл шектеулер көктемде қар суының, ал жаз айларында жоғары температураның жол жабындысына теріс әсерін тигізуіне байланысты енгізіледі»,- делінген ҚР ККМ мәліметінде.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, салынып жатқан республикалық маңыздағы жолдардың жоғары сапасын есепке ала отырып, болашақта қайтадан пайдалануға берілген автожолдарда жүк көліктерінің жалқы білігіне түсетін жүктеме салмағын 11,5 тоннаға арттыру көзделуде.