«Астана»-«Селтик» матчы алдында Астанадағы көлік қозғалысы шектеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 шілде күні кешкі 20.00-де «Астана Арена» стадионында «Астана» футбол клубы шотландиялық «Селтик» командасына қарсы УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу раундының қарымта матчын өткізеді.

«Астана»-«Селтик» матчы алдында Астанадағы көлік қозғалысы шектеледі

Астанадағы жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, 27 шілде күні 18:00-ден бастап, Қабанбай батыр-Тұран даңғылдарының бойы және Керей-Жәнібек хандар көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейін көлік қозғалысы шектеледі.  

«Көлік қозғалысын шектеу шара аяқталғанша жалғасады. Орынбор көшесімен айналып өтуге болады», - делінген хабарламада.

«Көлік жүргізушілерін аса сақ болуға және жеке көлікті үйде қалдырып, қоғамдық көлікті пайдалануға шақырамыз. Астана халықаралық әуежайы аумағына баруды жоспарлағандар мен жақын ауыл тұрғындарына алдын ала басқа бағыт таңдауларын өтінеміз», - деп хабарлады Астана ІІД жергілікті полиция қызметі.

Көрермендерге ыңғайлы болу үшін 18:00-ден бастап, мына мекенжайлар бойынша футбол матчы жанкүйерлерін жинау және жеткізу қызметі орындалады:

- «Қазақстан» спорт кешенінің автотұрағы (Қажымұқан көшесі);

- «Хазірет Сұлтан» мешіті (Р.Қошқарбаев даңғылы);

- «Нұр Астана» мешіті (шығыс жақтағы автотұрақ);

- астаналық цирк автотұрағы; (Қорғалжын тас жолы)

- Қ.Мұңайтпасов стадионының автотұрағы; (Кенесары көшесі);

Қалаға қайту үшін «Астана-Арена» Стадионы» автотұрағы және аялдамасына жиналу керек, Қабанбай батыр даңғылы бойынша көрсетілген шаттлдар беріледі.