Астана – Семей пойызында әйелдер вагоны болады: алғашқы рейс 13 қарашада

АСТАНА. KAZINFORM — Астана мен Семей арасында қатынайтын жаңа Stadler пойыздарында әйелдерге арналған вагон қызметі сақталады. Алғашқы рейс 13 қарашаға жоспарланған. Бұл вагонға билеттер тек әйелдерге сатылады, ал жеті жасқа дейінгі ұл балалар анасымен бірге жүре алады.

Астана – Семей пойызында әйелдер вагоны болады: алғашқы рейс 13 қарашада
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

«Жолаушылар тасымалы» АҚ № 153/154 «Нұрлы жол — Семей» бағыты бойынша қатынайтын жаңа Stadler пойыздарында әйелдер вагоны қызметі сақталғанын хабарлады. Жаңа пойыздың елордадан Семей қаласына алғашқы сапары 2026 жылғы 13 қарашаға жоспарланған.

Әйелдерге арналған вагон жолаушылардың сапар кезіндегі жайлылығы арттыруға бағытталған. Бұл вагондарға билеттер тек әйелдерге сатылады және жолаушыларға тек әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, әйелдер вагонында жеті жасқа дейінгі ұл балалардың жүруіне рұқсат етіледі.

әйелдер вагоны
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Әйелдер вагонындағы билет бағасы осы санаттағы басқа вагондардың билет құнымен бірдей.

Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады. Онлайн билет сатып алу кезінде әйелдер вагоны «ЖН» белгісімен көрсетіледі.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, сұранысқа ие сервистерді дамыту және теміржол көлігінде қауіпсіз әрі жайлы сапар жағдайларын жасау бағытындағы жұмысын жалғастырады.  Қосымша ақпаратты 1433 тегін байланыс нөмірі арқылы алуға болады.

Айта кетейік, жаңа пойыздарға билет кешеден бастап сатылып жатыр.