Астана: «Сергек» камералары адамның бет-әлпетін танитын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада орнатылып жатқан «Сергек» видеобақылау камералары адамның бет-әлпетін танитын болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, жобаның басты мақсаты - біздің азаматтардың қауіпсіздігі. Осы жұмыс аясында жобаны ары қарай дамытып, әкімнің тапсырмасы бойынша адамдардың түрін тану жүйесін енгізіп жатырмыз. Адамды тану бойынша пилотты режімдегі бүгінгі тестілеу - бүкіл қала бойынша камералардың ауқымын кеңейту бағытындағы алғашқы қадам», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне «Астана Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев.
Ілкі жобаның алғашқы пункті ретінде қалалық әкімдік таңдап алынған. Олжас Сартаевтың айтуынша, бұл жүйемен келешекте адам көп жүретін өзге де орындар қамтылады.
«Жуық арада біз бұл жүйені адамдар көп жиналатын барлық орындарға орнатуды көздеп отырмыз. Егер тестілеу сәтті өткізілсе, аталған жұмыс қолға алынады», - дейді «Астана Innovation» АҚ басшысы.
Олжас Сартаев аталған шара әкімдікті трансформациялау аясында жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
«Мақсаттардың бірі - ашық әкімдік. Әкімдік осылайша тұрғындарға жақындай түседі», - деді Сартаев.