22:25, 22 Шілде 2015 | GMT +5
«Астана» словениялық «Мариборды» ұтып, Чемпиондар Лигасының келесі кезеңіне шықты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Астана-Арена» стадионында УЕФА Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» футбол командасы словениялық «Мариборды» қабылдап, 3:1 есебімен ұтты. Осылайша, футболдан Қазақстан чемпионы «Астана» командасы екі матчтағы кездесу қорытындысы бойынша Чемпиондар Лигасының келесі кезеңіне шықты.
Кездесу барысында есепті алғаш болып ойынның 11-минутында «Астаналық» Бауыржан Жолшиев ашқан болатын. Одан кейін 39-минутта қонақтар есепті теңестірді. Бірінші тайм аяқталар тұста «Астана» қайта алға шықты, бұл жолы 43-ші минутта Рохер Каньяс дәл соққы жасап, команданы алға шығарды. Алғашқы тайм 2:1 есебімен аяқталды. Ал ойынның екінші бөлігінде 58-ші минутта «Астаналық» Патрик Твумаси қонақтар қақпасына үшінші голды соғып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі кездесуде «Астана» Словенияда «Мариборға» 0:1 есебімен есе жіберіп алған болатын. Енді екі ойынның қорытындысы бойынша (жалпы есеп - 3:2) біздің команда іріктеудің келесі кезеңіне шығып отыр.