Астана сотында жігітін «пішіп» тастамақ болған келіншектің ісі қаралуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ер адамның тәніне зақым келтіру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Қылмыстық Кодексінің 201-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялай алмаймыз. Осыған байланысты, сот аталған іске қатысты пікір білдіре алмайды. Барлық сұрақтар бойынша тергеу органдарына хабарласу қажет», - дейді агенттік сауалына жауап берген қалалық соттың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде 36 жастағы келіншек өз сүйіктісін жыныстық мүшесінен айырғысы келгені туралы ақпарат тарап кеткен болатын.
Желілер мен мессенджерлерде Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотының 2018 жылғы 24 қаңтардағы қаулысы ретінде сипатталған фото пайда болды. Ондағы деректерге сүйенсек, сүйіктісінен өзге қызбен көңіл қосты деп күдіктенген 1981 жылы туған әйел, оны интимдік ойын ойнауға шақырып, кейіннен аяқ-қолын байлаған. Сосын дәрі берген. Алдын ала болжам бойынша, ұйықтататын препарат.
Содан соң бар өкпе-ренішін айтып, ер адамның жыныстық мүшесіне тіліктер жасай бастаған. «Жазалау» барысында сүйіктісінің азабын жеңілдету үшін әйел оның шабына 3 рет Ледокоин еккен. Кейін қансыраған ер адамды өз көлігімен ауруханаға алып барған.
Астана қалалық соты әзірше аталған іске қатысты пікір білдіре алмады.