Астана сотының араласуымен мәжбүрлі түрде жерінен айырылған астаналыққа төленетін өтемақы мөлшері 4 еседен астам ұлғайтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық сотының кассациялық сот алқасының қаулысымен баспанасынан айырылған Д. Жақыпованың құқы мен заңды талаптары орындалды.

Астана сотының араласуымен мәжбүрлі түрде жерінен айырылған астаналыққа төленетін өтемақы мөлшері 4 еседен астам ұлғайтылды

Бұл туралы бүгін Астана қалалық сотында өткен «Жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтару кезінде өтемақы мөлшерін белгілеу мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысында Астана қалалық сотының судьясы Қарлығаш Таткеева айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Д. Жақыпова балаларымен тұрып жатқан Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, «СУ Спецстрой» бағбандық серіктестігі, Вишневая көшесі, 71 мекен-жайындағы жер телімі үй-жайымен сырылып тасталып, жері мәжбүрлі түрде мемлекет қажеттілігіне қайтарылған болатын. Оған әкімдік тарапынан 1 458 000 теңге өтемақы берілген.

«Әкімдік Жақыпованың жер телімі мен ондағы құрылыстың, жасыл желектің құнына сай емес өтемақы төлеген. Сонымен қатар, әкімдік аталған бағбандық үй арасында жас балалары бар 5 адамнан тұратын отбасының тұрып жатқан жалғыз баспанасы екенін есепке алмаған және олардың берген ақшасы тіпті бір бөлмелі пәтер сатып алуға да жетпейді. Дегенмен, отбасы бір бөлмелі пәтерге де келісіп отырған. Алайда әкімдік бұл жағдайды да қарастырмаған», - деп атап өтті Қ. Таткеева.

Оның айтуынша, Астана қалалық сотының кассациялық сот алқасының қаулысымен баспанасынан айырылған Д. Жақыпованың құқы мен заңды талаптары орындалды. Оған сот жер телімін мәжбүрлі түрде өтемақымен мемлекет қажетіне қайтару ісі бойынша жердегі құырылыстар мен жасыл желекті есептей отырып, 7 108 022 теңге көлемінде өтемақы төлеуді бекітті.