Астана спортшылары биыл қандай халықаралық жарыстарға қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы Азия ойындарына Астанадан 77 спортшы қатысады. Сондай-ақ елордалық спортшылар Пара Азия ойындары мен жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынайды. Олардың биылғы халықаралық жарыстардағы көрсеткіші қандай? Бұл туралы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов айтып берді.
Азия ойындарында Астананың өкілдігі артты
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда Aichi–Nagoya 2026 XX жазғы Азия ойындары өтеді. Жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі енгізіліп, 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Астанадан 30 спорт түрі бойынша 77 спортшы бақ сынайды.
Азамат Ағзамовтың айтуынша, алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда елордалық спортшылардың саны да, олар қатысатын спорт түрлерінің қатары да артқан.
— 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына елордадан 18 спорт түрінен 46 спортшы қатысқан. Биыл спортшылар саны 31 адамға, яғни 67%-дан астамға артты. Сонымен қатар елордалық спортшылар қатысатын спорт түрлерінің саны 18-ден 30-ға дейін өсті, — деді ол.
Астана өкілдері баскетбол, 3×3 баскетбол, гандбол, бокс, күрес, таеквондо, джиу-джитсу, көркем және спорттық гимнастика, су спорты, академиялық есу, байдарка және каноэде есу, триатлон, теннис, үстел теннисі, ат спорты, семсерлесу, ату, жеңіл атлетика, велоспорт, скейтбординг, спорттық құзға өрмелеу, брейкинг, киберспорт және падель сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді.
Ханчжоудағы нәтиже: 1 алтын, 3 күміс, 6 қола
2023 жылғы Азия ойындарында Астана спортшылары 10 медаль иеленген. Оның біреуі — алтын, үшеуі — күміс, алтауы — қола.
Биыл елордалық спортшылардың Азия ойындарындағы қатары көбейіп, олар бақ сынайтын спорт түрлерінің саны да артты.
— Жарысқа құрлықтың үздік спортшылары, соның ішінде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады, — деді Азамат Ағзамов.
Көшпенділер ойындарында елордалықтар жеті спорт түрінен бақ сынады
Қыркүйекте Қырғыз Республикасында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты додаға 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты.
Қазақстан құрамасының сапында 152 спортшы өнер көрсетіп, ел жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Астанадан жеті спорт түрі бойынша 13 спортшы бақ сынады.
— Елордалық спортшылар дәстүрлі садақ ату, мангала, мас-рестлинг, жілік сындыру, гореш, жорго салыш және тайған жарысы бойынша сынға түсті. Олар жекелей және командалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан құрамасының жеңісіне үлес қосты, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Пара Азия ойындары мен жасөспірімдер Олимпиадасы
Азия ойындарынан кейін халықаралық спорт күнтізбесі Пара Азия ойындарымен жалғасады. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Астана спортшылары да өнер көрсетеді.
Сонымен қатар IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 14 қараша аралығында Сенегалдың Дакар қаласында өтеді. Жарысқа 14–17 жас аралығындағы 2 700-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Бәсекелер 25 спорт түрінен ұйымдастырылады.
Қазір іріктеу кезеңі жалғасып жатыр. Астаналық триатлоншы Рамазан Айнегов жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу лицензиясын иеленген.
— Рамазан Айнегов жеке спринт бағдарламасында өнер көрсетеді, — деді Азамат Ағзамов.
Оның айтуынша, елордалық спортшылардың халықаралық жарыстардағы қатарының артуы Астанада спорттың түрлі бағыттарын дамыту және жоғары жетістіктер спортына резерв даярлау жұмыстарының нәтижесін көрсетеді.
Бұған дейін Азия ойындарында ел намысын 559 спортшы қорғайтынын жазған едік.