«Астана Су Арнасы» МКК ауызсу және кәріздік жүйелер қызметтерінің тарифтерін өсіруді жоспарлап отыр
АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Астана Су Арнасы» мемлекеттік- коммуналдық кәсіпорны ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) Астана қаласы бойынша департаментіне ауызсу тарифтерін - бір текше метр үшін 23,79 теңгеге, кәріздік қызметтерді - 17,80 теңгеге және техникалық суды - 8,32 теңгеге өсіру ұсынысымен шығып отыр.
Бұл туралы бүгін аталмыш Департаментте өткен ашық тыңдаулар барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ТМРА қалалық департаменті директорының орынбасары Асқар Ермаганбетовтың атап көрсеткеніндей, «Астана Су Арнасы» МКК 2008 жылғы қыркүйектің 1-інен бастап ауызсу және кәріз жүйелері қызметтеріне қолданыстағы тариф деңгейінен төмендетілген - уақытша өтемдік тарифті (УӨТ) енгізді. УӨТ негізінде тұтынушыларға тарифтер арқылы шығындардың орны (ауызсу бойынша 107 миллион теңге, кәріздік қызметтер бойынша 69 миллион теңге) толтырылды.
Алдағы қыркүйектің 1-інен бастап УӨТ-нің мерзімі аяқталуына байланысты, ауызсудың бір текше метрі үшін - 22,59 теңге (УӨТ-ден 10,2%-ға қымбат) және кәріздік қызметтер - 16,35 (12,6%-ға) теңге мөлшеріндегі бұрынғы тарифтерге қайта келетін болады. Алайда «Астана Су Арнасы» МКК «Астана-Энергия» АҚ-да, «Ақмола электржелілері тарату компаниясы» АҚ мен «Қалалық электр желілері» АҚ-да электр энергиясын өндіру және тарату тарифтерінің қымбаттауына байланысты, ауызсу тарифін 23,79 теңгеге, кәріздік қызметтерді - 17,80 теңгеге өсіруді сұрап отыр.
Сондай-ақ аталмыш кәсіпорын 2010 жылдың шамамен І-ІІ тоқсанында тұрмыстық су және кәріздік жүйелер қызметтеріне сараланған тарифтерді енгізуді жоспарлауда. Яғни, судың көп мөлшерін пайдаланатын заңды тұлғалар жеке тұлғаларға қарағанда ақыны көбірек төлейтін болады.
Барлық ұсынымдар ТМРА Департаментінде қаралу үстінде.