Астана су арнасының бұрынғы бас директоры 7 жылға сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті «Астана су арнасы» РМК бұрынғы бас директоры В.Досаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын мерзімінен бұрын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана су арнасының бұрынғы бас директоры 7 жылға сотталды

Жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан мәліметтерге қарағанда, Досаев мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас директоры болып жұмыс істеп жүрген кезінде қарамағандағы қызметкер арқылы «Технополисжилстрой» ЖШС-нің басшысынан «Жас отбасы-2» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер және 60 мың доллар көлеміндегі параны жылжымайтын мүлікті ЖШС-ге беру қосымша келісімшартын жасағаны үшін алған.

«Биылғы жылдың 14 тамызында Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Досаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтейді. Сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды», - деп атап өтеді ведомстводан.