«Астана Таңдауы-2014» байқауына Ресей мен Өзбекстан тұрғындары да дауыс беруде
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Таңдауы-2014» байқауына қатысушылар үшін көрші мемлекеттің тұрғындары да дауыс беруде, деп жазады astana.gov.kz.
«Өз таңдауыңды жаса, ең үздігін анықта!» ұранымен өтіп жатқан «Астана Таңдауы» дәстүрлі байқауына елорда тұрғындары тарапынан қызығушылық артып отыр.Әлеуметтік маңызды мамандықтардың үздіктерін анықтауға бағытталған жоба қазақстандықтардың да, көрші мемлекеттің тұрғындарының да назарында. Дауыс беру үрдісіне Ресей мен Өзбекстан пайдаланушылары да белсенді қатысып жатыр. Олар байқауға қатысып жатқан әріптестері мен достарына қолдау көрсетуде.
1 маусымда Астана қаласы әкімдігінің сайтында ашық халықтық дауыс беру басталды. Барынша объективті дауыс беруді ұйымдастыру мақсатында әр адам бір электронды мекенжайдан бір рет қана дауыс бере алады. Осылайша, дауыс беру объективті түрде жүргізіледі және мамандықтар бойынша үздік мамандар анықталады.
Қазіргі уақытта дауыстар санына қарай әр аталым бойынша әлеуетті көшбасшылар белгілі болды. Кейбір педагогтар үшін 10 мыңнан астам адам дауыс берген. Дауыс берудің қорытындысы 20 маусымда шығарылады. Нақ осы күні дауыс беру аяқталады.