«Астана Таңдауы-2014» жеңімпаздары мемлекеттік марапаттарға ие болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Таңдауы-2014» жалпықалалық байқау жеңімпаздары мемлекеттік наградаларға ие болады.

 «Астана Таңдауы-2014» жеңімпаздары мемлекеттік марапаттарға ие болады

Бұл туралы бүгін марапаттау рәсімінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

«Біз байқау жеңімпаздарын мемлекеттік наградаларға ұсындық. Сіздерді астаналықтар таңдағанын ескере келе мемлекеттік байқау комиссиясы шешім қабылдап, награда өз иесін табады деп ойлаймын», - деді әкім.

Байқау 2 кезеңде өтті. Сында 195 номинантқа 250 өтініш келіп түсті. Ең көбі мұғалімдер - 65 номинант, екінші орында энергетиктер - 39, үшінші - дәрігерлер (31 номинант). Дауысты көп жиғандар жеңімпаз атанды. Биыл 160 мыңнан астам дауыс берілді. Дауыс беру үрдісі елорда әкімдігінің ресми сайтында жүргізілген болатын. Бір ip-адрес арқылы бір-ақ рет дауыс беру мүмкін болды.

«Жоба мақсаты - үлгі боларлық Астана тұрғындарын тауып, олар туралы баяндау. Ағымдағы жылы жобаны «Өмірді жақсарта алатындарды ата» ұранымен жүзеге асырдық. Бұл сөздер көп нәрсені аңғартады», - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Жеңімпаздар 7 аталым бойынша анықталды: «үздік мұғалім» - «Астана дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Майра Құрманбаева, «үздік дәрігер» - №1 қалалық аурухананың жоғары санаттағы уролог-дәрігері Кирилл Чичеров, «үздік жол салушы» - «Прогресс.KZ» ЖШС инженері Бекзат Мүсеев, «полицияның үздік учаскелік инспекторы» - Бауыржан Таумаханов, «үздік энергетик» - Астана қаласының энергетика басқармасы энергиямен қамту бөлімінің жетекшісі Олжас Ищанов, «Үздік құрылысшы» - «КомпанияБай-Тан» ЖШС директоры Еркін Омаров және «қоғамдық көліктің үздік жүргізушісі» - Серік Адаев (№ 1 Автобус паркі).