«Астана Таңдауы» байқауының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін түн жарымда astana.kz сайтында «Астана Таңдауы» байқауының үміткерлеріне дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды елорданың ресми сайтынан.

«Астана Таңдауы» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Астана Таңдауы» байқауы қала тұрғындарының жүрегіне жол тауып, үздік мұғалім, дәрігер, инспектор, құрылысшы, жолшы, қоғамдық көлік жүргізушісі және энергетикке дауыс берілді. Байқау 15 күнде 87 252 адамның дауысын жинады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ең көп дауыс жинаған және тұрғындардың белсенді қатысқаны ол - мұғалім аталымы болды. «Үздік педагог» атағының иегері Райымбек батыр атындығы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Рабиға Ташкенбайқызы Иманқұлова болды. Оған 21 562 адам дауыс беріпті.

3596 дауыс 23 жылдық еңбек өтілі бар «Астана әкімдігінің №1 Қалалық ауруханасының» қызметкері Марат Қарсыбекұлы Абдуловқа берілді. Сөйтіп, ол «Үздік дәрігер» аталымында жеңімпаз танылды.

«Астана-Жылутранзит» АҚ-ның Реттеу және тұтынушыларды есепке алу қызметінің бастығы Рауза Жүнісбекқызы Кәкімованың да 31 жылдық еңбек өтілі бар. Ол «Энергетик» аталымы бойынша 5 317 дауыс жинап, үздік атанды.

«№1 Автобус паркінің» қоғамдық көлік жүргізушісі Қанат Хамзаұлы Құлтаев өзінің 24 жыл саналы ғұмырын осы мамандыққа арнаған жан. Қалалықтардың пікірінше, ол да өз мамандығының үздігі болып танылды. Оған 315 адам дауыс беріпті.

Жолшы Вячеслав Викторович Шевченко бұл байқауда 72 дауыс алды. Осы жетістікпен «ҚазақАвтожол» Ақмола филиалының қызметкері, 32 жылдық еңбек өтілі бар құрметті азамат «Үздік жолшы» атанды.

Ал үздік құрылысшыға - 1 734 адам дауысын берген. Мұндай атаққа «Алтын ХХI» ЖШС қызметкері Сүндет Ізбасарұлы Үмбетов ие болды.

Астана қаласының «ОП -14 СРУ ВД» мекемесінің қызметкері 24 жастағы Мұрат Балтанбекұлы Ширтаев өзінің жастығына қарамастан болашағынан көп үміт күттіреді. Ол 1341 дауыс жинады.

Жеті мамандық үздік өкілдерінің тарихы бүкіл қалаға белгілі болды. Өтінімдер тек Астанадан ғана келген жоқ, Ресей мен Украинадан алғыс білдірген шәкірттер мен пациенттер, үздік құрылысшы салған үйлерде тұратын адамдар ісіне жауапты, еңбекқор жандар туралы әңгіме шертті.

Биылғы жылғы жаңалықтың бірі дауыстарды адамның қатысынсыз компьютерлік бағдарлама санайды. Астана әкімдігі сайтындағы халықтық дауыс беру жүйесі тек бір адамға бір рет электронды дауыс беруге мүмкіндік туғызады. Осы тұрғыдан алғанда, дауыс беру шынайы және әділетті болып табылады.

Ең көп және белсенді мұғалім аталымы бойынша байқауға 58 педагог ұсынылды. Екінші орында 32 медицина қызметкері «үздік» атағына ұсынылса, үшінші орынға 24 үміткерге дауыс берген энергетиктер шықты. Сонымен қатар, байқауға 17 инспектор, 16 құрылысшы, 14 жолшы, 9 қоғамдық көлік жүргізушісі қатысты.

Жалпықалалық «Астана Таңдауы» байқауының жеңімпаздарына халық сүйіспеншілігінен басқа, материалдық жүлделер тапсырылады. Оларды марапаттау 6 шілде күні Конгресс-холлда өтеді.