«Астана Таңдауы» үздіктерді анықтайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада тұрғындардың көңілінен шыққан үздіктерді анықтайтын жыл сайынғы «Астана Таңдауы» байқауы басталды.

«Астана Таңдауы» үздіктерді анықтайды

Бұл туралы astana.kz сайтына елорда әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Астана Таңдауы» жалпықалалық байқауы - біз күнделікті өмірде көріп жүрген адамдардың қайсарлығы мен ерлігі туралы тарих. Олар қажырлы еңбектерімен, мақсаткерлігімен және іс-қимылдарымен қоғамның гүлденуіне септігін тигізіп, тұрақтылық пен еліміздің болашағының сенімді іргетасын қалап келеді. Шынайы оқиғаларға негізделген қарапайым адамдардың жанқиярлығы мен батырлығы туралы тарих елорда тұрғындарына рух беріп, оларды топтастыра түседі.

«Астана Таңдауы» байқауы алғаш рет Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен 2012 жылы өткізілді. Содан бері байқауға жүздеген адам қатысып, мыңдаған астаналық дауыс берді.

Биыл қатысушыларды олардың жоғары кәсіби деңгейін сезінген елорда тұрғындары ұсынатын болады. Әр жеңімпаздың сіңірген еңбегі туралы әңгімелейтін шағын фильмдер түсіріліп, республикалық телеарналардың эфиріне шығарылады. Жеңімпаздар мен олардың жетістіктері Астана қаласында әлеуметтік желілерде, билбордтарда және қоғамдық көліктерде көрсетіледі.

Биылғы «Астана Таңдауы» жалпықалалық байқауына қатысуға өтініштер қабылдау басталды және көктемнің соңына дейін жалғасады. Дауыс беру 1 маусымнан басталады. Байқау қорытындысын елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетов Астана күні қарсаңында жариялайды.