Астана тарихын баяндайтын веб-сайт іске қосылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің бас қаласының Астанадан Нұр-Сұлтан аталуына дейінгі тарихы баяндалатын жаңа форматтағы веб-сайтіске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.
«Мақсатымыз - бас қаламыздың кешегі және бүгінгі күні туралы баяндайтын жаңа веб-деректер жобасын ұсыну. Соңғы ай ішінде елеулі оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Соның бірі - елордаға Нұр-Сұлтан атауының берілуі. Бұл қай жағынан қарасақ та - өте маңызды қадам. Біздің шығармашылық топ біраз уақыт ізденіп, жаңа форматтағы «Астана - Нұр-Сұлтан» атты веб-деректер сайтын жасап шығарды. Бұл жоба еліміздің тарихына қысқаша мультимедиялық бағыттағы шолу болып есептеледі. Егенмендік алған жылдардан осы күнге дейінгі тарихымызды заманауи тұрғыда тағы бір түгелдеу», - деді «Қазконтент» АҚ-ның басқарма төрағасы Думан Қожахметов.
Оның сөзінше, жоба жаңа форматымен және жүйелілігімен ерекшеленеді.
«Сондай-ақ қысқа әрі нұсқа түрде беруге тырыстық. Себебі ұзақ текст пен видеоны ешкімнің көргісі келмейді. Тарих - бүгініміз бен болашағымыз үшін құнды. Еліміздің тарихы мен оның астанасының қалыптасуы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының қала мен оның дамуы тарихына сіңірген еңбегі зор. Осы тұрғыда жаңа жобаның маңызы да зор болмақ», - деді ол.
Алдағы уақытта веб-дерек жобасы тарихымызда орын алатын маңызды оқиғалармен толықтырылып отырады. Және ондағы негізгі ерекшелік сайттың жүйелі және жаңа форматта болуы, сондай-ақ қысқа әрі нұсқа ұсынылуында.
«Жоба 2016 жылы қолға алынған болатын, оның жасалуына 10 адам қатысты. Веб-деректер сайтында елорда тарихына қатысты бұрын-соңды жарияланбаған 100 фото жарияланды. Бұл Астана және Алматы қаласының архивтерімен біріге жұмыс істеуіміздің нәтижесі», - деді Д.Қожахметов.