Астана Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қалай дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қала көшелеріне мемлекеттік тулар мен тақырыптық баннерлер ілініп, ғимараттардың қасбеттері мен LED-экрандарда мерекелік бейнелер көрсетіле бастады, деп хабарлады Астана қаласының әкімдігі.

о
Фото: Астана әкімдігі

Мерекелік безендіру жұмыстары қаланың бірнеше аумағын қамтыды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған тақырыптық бейнероликтер қалалық 3D LED-экранда, шолу дөңгелегінде, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ғимаратының қасбетінде және басқа да нысандарда көрсетіліп жатыр.

р
Фото: Астана әкімдігі

Елорданың сауда орталықтары да мерекелік дайындыққа атсалысуда. Олардың ішкі LED-экрандарынан Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған бейнероликтер көрсетілуде.

– Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай мерекелік безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айтулы дата қарсаңында елорда көшелеріне мемлекеттік тулар мен тақырыптық баннерлер ілініп, ғимараттардың қасбеттері мен LED-экрандарда мерекелік бейнелер көрсетіле бастады, – делінген әкімдік ақпаратында.

а
Фото: Астана әкімдігі

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы 2026 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді.

а
Фото: Астана әкімдігі

Бұған дейін Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Қазақстанның өзге өңірлерінде де мерекелік безендіру жұмыстары басталғаны хабарланған еді. Атап айтқанда, Қызылорда, Жетісу, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қоғамдық орындар мен ғимараттарға мерекелік бейнелер орналастырылып жатыр.