19:25, 27 Тамыз 2014 | GMT +5
Астана темір жол вокзалындағы жағдайға байланысты кінәлілер жауапқа тартылды - ҚТЖ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана стансасы темір жол вокзалындағы эскалатор жұмысында ақау шығып, жолаушылар денсаулығына зиян келтіргені үшін кінәлілер жауапқа тартылды деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметінен.

Ұлттық компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 тамыз күні Астана темір жол вокзалындағы №7 эскалаторға шамадан тыс күш түскендіктен автоматты түрде тежеліп, кері жылжыған. Нәтижесінде екі жолаушы жарақаттанды.
«Вокзал-қызмет» АҚ қызметтік тексеріс жүргізіп, аталған оқиғаға себеп болған кінәлілерді жауапқа тартты. «2015 жылы Астана темір жол вокзалына жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында эскалаторларды жаңарту көзделген» делінген хабарламада.
2012-2013 жылдар аралығында республикада 102 вокзал ғимаратына күрделі жөндеуден өткен болса, ағымдағы жылы 36 вокзалға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген.