«Астана-Теміртау» мен «Алматы-Қапшағай» автожолдары ақылы болуы мүмкін - Ж. Қасымбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-Теміртау» мен «Алматы-Қапшағай» автожолдары жуық арада ақылы болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
«Бірінші және екінші санаттағы автожолдарды қалыпта ұстауға қаржы тапшылығын жою мақсатында біз республикалық жолдардың кей бөліктерін ақылы қылуды жоспарлап отырмыз. Осы жоспар бойынша республикалық жолдардың шамамен 30%-ын ақылы қылу қарастырылған. Бұл жолдарға қозғалысы тығыз және өзін өзі ақтай алатын «Астана-Теміртау», «Астана-Павлодар», «Алматы-Қапшагай» автожолдары жатқылып отыр», - деді Ж.Қасымбек.
Мұндай тәжірибенің нәтижелі мысалы ретінде бірінші вице-министр «Астана-Щучье» жолын атап өтті. Ол жылына мемлекет бюджетіне миллиардтаған қаржы түсіруде.
«Аталған жол бойынша биылдың өзінде 1,2 млрд. - 1,3 млрд. теңге қаражат түседі деп жоспарланып отыр. Бұл қаржы жолды жүз пайыз жарамды деңгейде ұстап отыруға мүмкіндік береді», - деді ол.