Астана – Теміртау және Алматы – Қонаев жолдарында 8 мыңға жуық оқиға анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана – Теміртау және Алматы – Қонаев бағыттарында жол жағдайын үздіксіз бақылайтын бейнебақылау жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жоба іске қосылғалы камералар арқылы 8 мыңға жуық оқиға анықталған. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Жүйе жолдағы жағдай мен көлік ағынын тәулік бойы бақылауға, түрлі оқиғаны дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Анықталған жағдайлардың барлығы бойынша жол қызметтері тиісті шара қабылдаған.
Сонымен қатар компанияның ақпараттық жүйелері навигациялық платформалармен біріктірілген. Енді жол қозғалысына уақытша шектеу қойылғаны немесе қайта ашылғаны туралы мәліметтер цифрлық сервистерге жедел жіберіліп, электрондық карталарда көрсетіледі.
Д. Иманашевтің айтуынша, бұл жүргізушілерге сапар алдында жол жағдайын тексеріп, бағытын алдын ала жоспарлауға көмектеседі.
– Республикалық жолдар туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан да алуға болады. Орталық азаматтардың өтініштерін қабылдап, жол қызметтерімен байланысты қамтамасыз етеді, – деді ол.
Бұған дейін Қазақстанның ақылы жолдарына 56 лазерлік құрылғы орнатылғаны жөнінде жаздық.