Астана-Теміртау жолында жылдамдық режимі 140 км/сағ дейін ұлғайды

жолдар
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы «Астана-Теміртау» автомобиль жолында жылдамдық режимі өзгеретінін хабарлады. 

Әкімшілік полиция комитетінің 26 сәуірдегі ұйғарымына сәйкес «Астана-Теміртау» автомобиль жолының 1305-1327 шақырымы аралығындағы учаскеде (Бабатай кентінен — Аршалы кентіне дейінгі учаске) жылдамдық режимі 120-дан 140 км/сағ дейін ұлғайды.

«Алайда „Астана-Теміртау“ ақылы жолының Аршалы кенті учаскесі жанындағы ұзындығы 4 шақырым болатын („Екатеринбург-Алматы“ республикалық маңызы бар автожолының 1327 шақырымынан +350 м 1331 шақырымына +450 м дейінгі аралық) көлік айрығында 120 км/сағ дейін жылдамдыққа шектеу қойылғанын ескертеміз. 2023 жылдың мамыр айында Аршалы аудандық полиция бөлімшесі сол учаскенің 1305-1327 шақырымы аралығында жылдамдық режимін 140 км/сағ-тан 120 км/сағ дейін азайтқан болатын. ҚазАвтоЖолдың ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалы аталмыш жол учаскесі 1-А „Автомагистраль“ санатына жататынын және ережеге сәйкес автомагистральдарда қозғалыс жылдамдығы 140 км/сағ екенін хабарлайды» деді компаниядан. 

Сонымен қатар, келесі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарда мынадай қозғалыс жылдамдығы бекітілген:

  • І-а санаты — 140 км/сағ (Астана-Павлодар, Астана-Щучинск, Астана-Теміртау, Алматы-Қонаев);
  • І-б санаты — 110 км/сағ (Алматы-Қорғас, Шымкент — Өзбекстан шекарасы, Қонаев-Талдықорған, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Щучинск-Көкшетау);
  • ІІ санат — 100 км/сағ (Павлодар-Семей-Қалбатау, Көкшетау-Петропавл, Павлодар-РФ шекарасы (Омбы бағыты), Орал-РФ шекарасы (Самара бағыты), Орал-РФ шекарасы (Саратов бағыты), Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы).
Соңғы жаңалықтар