Астана тұрғындары 4 наурыздан бастап өздерін сайлаушылар тізімінен тексере алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары 4 наурыздан бастап сайлаушылар тізімінен өзін іздеп таба алады. Қалалық сайлау комиссиясының мәліметінше, тізімге тиісті сайлау учаскелері аумағында тұратын жері бойынша тіркелген Қазақстан азаматтары енгізілдген, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.

Астана тұрғындары 4 наурыздан бастап өздерін сайлаушылар тізімінен тексере алады

Елордалықтар тізіммен өз сайлау учаскесінде танысуына болады, сондай-ақ, мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, қате берілген мәліметтерге, дәлсіздіктерге, өздері туралы мәліметтердің болмауына байланысты шағым бере алады.

Тізімге қосу, одан алып тастау немесе түзету туралы өтінішті учаскелік сайлау комиссиясы өтініш берілген күні қарайды. Оң шешім қабылданған жағдайда, сайлау комиссиясы сайлаушыны бірден тізімге қосады немесе мәліметтерді түзетеді. Ал өтініш қабылданбаған жағдайда, оның себебі көрсетілген шешімнің көшірмесі ұсынылады, ол бойынша сотқа шағымдануға болады.

Астана тұрғындары қаладан тыс жерге шыққан жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясынан дауыс беру құқығы бойынша есептен шығару куәлігін алады. Бұл үшін 4-19 наурыз аралығында өтініш жазып, жеке куәлікті ұсыну керек.

Айта кетейік, учаскелік сайлау комиссиялары күн сайын сағат 09.00-20.00 аралығында үзіліссіз жұмыс істейді. Олардың орналасқан жерлері мен байланыс телефондарын мына сілтемедегі тізімде көрсетілген.