Астана тұрғындары Есілдегі автораллиді тамашалай алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Астана-2014" классикалық ралли бойынша ҚР чемпионаты мен кубогы Астанада 1 наурызда бастау алады, деп хабарлайды жарыстың баспасөз орталығынан.

Астана тұрғындары Есілдегі автораллиді тамашалай алады

Ралли сайысы таңертең сағат 10.00-де Қоянды су қоймасы мұз айдынында басталады. Түстен кейін спортшылар Астанаға келіп, Есіл өзенінің мұз айдынында жарысты одан әрі жалғастырады. Мұнда ең көрнекті тәртіптің бірі жұптасқан жарыс өтеді.

"Астана" раллиіне қатысушылар арнайы 9 учаскеге бөлінген 112 шақырымды басып өтеді. Жарысқа 18 экипаж (РК-ПРО санатындағы толық жетекті 9 көлік және РК-11 класындағы 9 көлік) шығады.

Қоянды су қоймасы аймағындағы мұз бен қар бетінде өтетін жарыс алты жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылы ұйымдастырушылар бағытты кеңейтуді шешті. Есілдің ең кең бөлігі аралығына алғаш рет тас жол салынды.

Енді көрермендер жарысты оң және сол жақ жағалаулардан бақылай алады. Сондай-ақ жарыс орнына - Есіл өзенінің қайық стансасына дисплей орнатылмақ. Ол жерден сайысты онлайн режімінде тамашалауға болады.