Астана тұрғындары іздеу жарияланған күдіктіні құрықтауға көмектесті
Елорда аумағында есірткімен күрес бағытында полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Оның аясында есірткіні таратуға қатысты сайттарды жарнамалауға үлес қосқан адамдарды құрықтау жұмыстары атқарылды.
Белгілі болғандай, жақында Астанадағы тұрғын үйлердің кіреберістерінде синтетикалық есірткіні тарататын сайттардың жарнамасы жазыла бастады. Полицияның мәліметінше, жарнамада көрсетілген заттар өте қауіпті, яғни олар адамның есірткіге тәуелділігін бірден тудырады.
«Тұрғындардың белсенді азаматтық позициясының арқасында осы жазбалардың авторын анықтап, ұстау мүмкіндігі туды. Бұл заңсыздыққа қатысты Алматының 32 жастағы тұрғыны күдікке ілінді. Ол бұған дейін есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық әрекет үшін жауапты болған. Полиция жазбаларда көрсетілген сайтты шұғыл түрде бұғаттады», - деді тәртіп сақшылары.
Полиция өкілдерінің атап өтуінше, есірткі таратушылар күн сайын жаңа тәсілдер ойлап шығаруда. Осы орайда сайттарды жарнамалаған жазбалар заңсыз саналады.
2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін полицейлер осындай 120 сайтты анықтап, бұғаттады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, көбіне үйлердің қабырғасы мен кіреберістеріндегі сайттардың жарнамасы туралы ақпаратты қала тұрғындары хабарлайды. Бұл өз кезегінде заңсыз сайттарды бұғаттау процесін жылдамдатады.