Астана тұрғындары қоқыстарды бөліп жинауды үйренуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары қоқыстарды типіне қарай бөліп жинауы үшін жағдай жасалуда. Бұл туралы бүгін қала бойынша өткен баспасөз туры барысында Астана қалалық әкімдігінің табиғи ресурстарды басқару басқармасы жетекшісінің орынбасары Мирас Айсин айтты.

Астана тұрғындары қоқыстарды бөліп жинауды үйренуде

«Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу жағдайы аясында Астана әкімдігі 2015 жылдың 1 наурызынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруда. Осы шара аясында қала аулаларына 160 арнайы дайындалған түрлі-түсті контейнерлер қойылды. Яғни көк жәшікке қағаз және соған ұқсас қалдықтар, қызыл жәшікке шыны қалдықтар және сары жәшікке пластик қалдықтар бөліп тасталады. Бөліп жиналған қоқысты тасымалдау шарасын «Астана тазарту» ЖШС жүзеге асырады. Бұл үшін арнайы екі көлік қарастырылған», - деп атап өтті М. Айсин.

Оның айтуынша, бұл жоба аясында «PosadiDerevo.kz» қоғамдық бірлестігі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Атап айтар болсақ, тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратылып, сыртқы жарнамалар ілінеді. Қоқысты бөліп жинауды үйрететін арнайы бейнероликтер түсірілуде. Жоба өзін-өзі ақтап жатса, болашақта мұндай қоқыс жәшіктері қаланың барлық аулаларына қойылады.

Сонымен қатар, 2013 жылдың 1 тамызынан бастап «Астана қаласының 2013-2016 жылдарға энергоүнемдеу кешенді жоспары» бойынша халықтан құрамында сынабы бар істен шыққан шамдарды жинау жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде аула аумақтарында арнайы контейнерлер орнатылған, осы уақытқа дейін тұрғындардан 1,2 млн. дана шам жиналған және қайта өңделген.

Күлді жинау бойынша тағы бір пилоттық жоба 2014 жылдың 1 қарашасынан бастап енгізілді. Жоба шеңберінде қаланың жер үйлер орналасқан аумақтарына 75 контейнер орналастырылып, осы уақытқа дейін 600 тонна күл жиналып, полигондарға тасылды.

М. Айсиннің айтуынша, жеке сектордағы тұрғындар пештен жаңа шыққан күлді қоқыс жәшіктеріне төгу себебінен ондағы қоқыстар тұтанып, жанып, контейнердің тез істен шығуына негіз болады. Сондықтан ыстық температураға төзімді осындай контейнерлер қою, бұл мәселені шешуге жол ашады.

Биыл әкімдік күлге арналған контейнерлер санын молайтуды көздеп отыр. Қазіргі кезде олар Шұбар, Көктал, Лесозавод және Ильинка кенттеріне орналастырылған.