Астана тұрғындары тасқын судың басу қаупі болғандығын сезбей де қалды - Ө.Шөкеев

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласын су тасқынынан қорғау мақсатында салынған бөгет биылғы көктемде 30 миллион текше метр суды қабылдады. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, бөгет дер уақытында салынғандықтан, қала тұрғындары тасқын судың басу қаупі болғандығын сезбей де қалды.

Астана тұрғындары тасқын  судың басу қаупі болғандығын сезбей де қалды - Ө.Шөкеев

Бүгін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары республикадағы стратегиялық маңызды сулы нысандардың жағдайы бойынша құзырлы органдармен кеңес өткізді.

Онда Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун, Астана қаласын тасқын сулардан қорғау мақсатында салынған су реттегішінің жұмысы жайында баяндады. Аталмыш нысан 2006 жылы ҚР Президентінің қаулысымен стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларға жатқызылған болатын.

Су бөгеті толығымен іске қосылмағанымен, биылғы көктемде ол өзінің міндетін атқарды. Яғни Вячеслав су қоймасына сыймай қалған тасқын судың 30 млн. текше метр көлемін өзіне қабылдап, Астананың жекелеген аумақтарын су басу қаупінен сақтап қалды.

С.Хорошунның айтуынша, Вячеслав су қомасы арнасынан тасыған жағдайда, Есілдің сол жағалауы мен әуежайдың маңында орналасқан бірнеше елді мекен су астында қалар еді.

«Яғни, қала тасқын судан қауіптің болғандығын сезбей де қалды, шынтуайтында ол болды. Үлкен тасқындар болмайды деп күтілгенімен, судың көлемі негізінен мол болды.Бұл судың барлығы аталмыш су бөгетіне жөнелтілді. Қазір Вячеслав су қоймасында өзінің жобалық сыйымдылығы бойынша 410 млн. текше метр су бар, сонымен бірге су реттегіште тағы 30 млн. текше метр су бар. Енді бұл суды қалай тиімді пайдаланатынымызды ойлану қажет», - деп атап өтті Ө.Шөкеев.

Бүгінгі күні жиналған тасқынды суды кезең-кезеңімен Есіл өзеніне өткізу үшін арналар салынуда. Былтыр оның құрылысына 740 млн. теңге бөлініп, оның бірінші кезегі салынып бітірілді. Құрылыс алдағы қыркүйектің 1-іне дейін толығымен аяқталып, арна Есіл өзенімен жалғастырылатын болады. Су реттегіштің жалпы құрылысын 2010 жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде.

Ө.Шөкеев, Су ресурстары бойынша комитет пен әкімдікке су реттегіштің суды өткізу мүмкіндігі туралы есепті дайындап, оның қуатын шілде-тамыз айларында барынша мүмкін көлемге жеткізуді тапсырды.

Ө.Шөкеев, жаңадан бой көтерген су бөгеті Астана маңынан кішкентай теңізді құрағанын және оны алдағы уақытта демалыс орындары ретінде пайдалануға болатынын атап өтті.