Астана тұрғындарының саны 763 мың адамнан асып жығылды
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана тұрғындарының саны 763 мың адамнан асып жығылды.
Бұл ақпаратты Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, елорда тұрғындары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өскен. Сонымен қатар еліміздің бас қаласы тұрғындарының 394 114-ін әйелдер, ал 369 343-ін ерлер құрайды. Елордада жасы 18-ден асқан ересек адамдардың да саны басым болып тұр. Нақты айтқанда, жалпы қала халқының 569 168-ін немесе 74,55 пайызын ересектер құраса, 14 жасқа дейінгі балалар саны - 168 105.
«Астаналықтардың шамамен жартысы немесе 365 212 адамы Алматы ауданында тұрса, 39,2 пайызы Сарыарқа ауданында, 12,9 пайызы Есіл ауданында қоныстанған», - делінген хабарламада.
Ақпарат Астана қалалық статистика департаментінің 2012 жылғы 1 тамызға дейінгі ресми мәліметтері негізінде ұсынылып отыр.