19:41, 13 Наурыз 2013 | GMT +5
Астана тұрғындарының саны 780 мың адамға жетті
АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Астана тұрғындарының саны 780 мың адамға жетті. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Статистика департаментінен мәлім етті.

«2013 жылдың 1 ақпанындағы мәліметте Астана қаласы халқының саны ағымдағы есеп бойынша 780 880 адамға жетті. Оның ішінде Алматы ауданы бойынша - 363 545 (46,6%), Есіл ауданы бойынша - 103 438 (13,2%), Сарыарқа ауданы бойынша - 313 897 (40,2%) адам»,- делінген таратылған ақпаратта.
2013 жылдың басындағы кезеңімен салыстырғанда Астана халқының жалпы саны 2 797 адамға көбейген. Соның ішінде Сарыарқа ауданында - 2 106 адамға, Есіл ауданында - 721 адамға артса, Алматы ауданының тұрғындары саны 30 адамға азайған.
Белгілі болғандай, Астана тұрғындары санының өсуі негізінен көші-қонның есебінен болып отыр.
Еске салайық, 2013 жылдың қаңтарында халықтың табиғи өсімі 1542 адам, көші-қон есебінен - 1255 адамға көбейген болатын.