Астана түрлі дарындар мен таланттардың ордасына айналуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана - түрлі дарындар мен таланттардың ордасына айналуы керек. Бұл туралы бүгін қала халқының алдында есеп беріп жатқан Астана әкімі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана түрлі дарындар мен таланттардың ордасына айналуы керек

«Қоғам түзелуі үшін адам түзелуі керек, дейді қазақ. Әр адам өз қарым-қабілетіне сай өнер табуы, өмірлік мақсат жолында ерінбей еңбек етуі өте маңызды. Әсіресе күш-қайраты тасыған, ақыл-ойы толысқан жастарға артар жүк көп, үміт зор. Биылғы 2019 жыл - Елбасымыздың бастамасымен «Жастар жылы» болып жарияланды. Жас адамның бойына тән қасиет - максимализм. Ендеше, 2019 жыл - қолға алынған әлеуметтік бағдарламаларды максималды түрде іске асыратын жыл. Астана тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған нақты қадамдарға қорықпай барып, мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек. Оның үстіне, Елбасымыз біздің алдымызға нақты талаптар қойып отыр. Астана - түрлі дарындар мен таланттардың ордасына айналуы керек. Бұл Елбасымыздың артып отырған міндеті», - деді Б.Сұлтанов.

Осы орайда әкім жақында Жастар ісі жөніндегі кеңестің жиынына қатысқанын атап өтті.

«Онда жастармен пікірлесіп, түрлі мүмкіндіктерді екшедік, маңызды басымдықтарды анықтадық. Сөйтіп, Елбасымыздың бізге қойған талаптарына сай, «Астана жастары-2019» жол картасын әзірледік. Құжатқа енген шаралар жастарды демеп жіберу, дұрыс бағытқа жетелеу және бойындағы талантын танып, тамырын жаюына жағдай жасау», - деді қала басшысы.