Астана тұрмысқа жайлы мегаполиске жата ма: Әлемдік өлшемдер не дейді?

АСТАНА. KAZINFORM – Астана ел астанасы болып бекітілгеннен бері тұрғындар мен қонақтарға қаншалықты жайлы мекенге айналды? Осы сұраққа жауап іздеу үшін бірнеше елдің астанасын алып, көрсеткіштерін Астананың деңгейімен салыстырып көрдік.

Астана
Фото: Kazinform

Арқада қыс жайсыз болса, халық ағылып несі бар

Соңғы жылдары Астана Қазақстанның әкімшілік орталығы ғана емес, өмір сүруге қолайлы заманауи мегаполис мәртебесіне ұмтылып келеді. 2026 жылдың басында елорда халқы 1,65 млн адамға жетті. Әкімдіктің мәліметі бойынша, қалада 205 мектеп жұмыс істейді, оның 74-і жеке меншік. Бір мұғалімге шаққандағы орташа жүктеме 17 оқушыдан келеді. Бұл көрсеткіш көптеген ірі мегаполистер деңгейіне жақын.

Елордада мемлекеттік және жеке секторды қоса есептегенде 51 медициналық ұйым қызмет көрсетеді.

Астананың орманды саябақ аймағының (Жасыл белдеу) аумағы 15,9 мың гектардан асады. Оның құрамында шамамен 14,6 млн түп ағаш өседі. Осының арқасныда әрбір қала тұрғынына 96,5 шаршы метр жасыл аумақтан келеді. Бұл көрсеткіш әлемдегі көптеген астаналардан жоғары.

Астана
Инфографика Kazinform

Қаладағы көлік инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Веложолдардың жалпы ұзындығы 152,75 шақырымға жеткен. Сонымен қатар жеңіл рельсті көлік (LRT) іске қосылды. Ол орта есеппен тәулігіне 45 мың жолаушы тасымалдауға қауқарлы.

Астана Орталық Азиядағы ең ірі мәдени орталықтың біріне айналып келеді. Қалада 10 театр, 27 кітапхана, 6 музей және 11 кинотеатр жұмыс істейді. Олардың қатарында «Астана Опера», «Астана Балет», Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі сияқты нысандар бар.

Спорт инфрақұрылымы да ауқымды. Елордада халықаралық деңгейдегі «Астана Арена», «Барыс Арена», «Алау» мұз сарайы, «Сарыарқа» велотрегі, Qazaqstan жеңіл атлетика кешені секілді 33 ірі спорт нысаны орналасқан.

Қалада 317 қонақүй жұмыс істейді. Оларда шамамен 19 мың төсек-орын бар. 2025 жылдың тоғыз айында Астанаға 1,19 млн турист келген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

Сонымен бірге, Астана алдында мегаполистерге тән міндеттер де тұр. Халық санының жылдам өсуі мектептерге, жолдарға, қоғамдық көлікке және тұрғын үй нарығына түсетін жүктемені арттырады. Сондықтан қаланың өмір сапасын бағалау үшін оны тек Қазақстан қалаларымен емес, өзге елдердің астаналарымен және ірі мегаполистерімен салыстыру маңызды.

Неге дәл осы 9 қала?

Бұл зерттеудің мақсаты – Астананың өмір сүруге қолайлылық деңгейін өзге астаналармен салыстырып қарау. Ол үшін әлемнің әртүрлі аймағынан, әртүрлі экономикалық және урбанистік модель ұстанатын тоғыз қала іріктелді.

халық
Инфографика: Kazinform

Іріктелген қалалардың географиялық орны, экономика құрылымы, климаты, даму тарихы және Қазақстан үшін салыстырмалы маңызы ескерілді.

Ташкент (Өзбекстан астанасы) Орталық Азиядағы ең ірі астананың бірі әрі түркі әлемінің маңызды орталығы ретінде таңдалды. Ол Астана сияқты посткеңестік кеңістікте дамып, халқы тез өсіп жатқан мегаполис саналады.

жасыл аймақ
Инфографика Kazinform

Баку (Әзербайжан астанасы) мұнай-газ секторына сүйенетін экономикасы мен Каспий өңіріндегі орны, бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған тарихы арқылы Астанамен салыстыруға мүмкіндік береді. Екі қала да энергетикалық ресурстар есебінен дами бастаған мемлекеттердің астаналары болып тұр.

Астана
Инфографика: Kazinform

Мәскеу (Ресей астанасы) – посткеңестік кеңістіктегі ең ірі мегаполис әрі Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесінің астанасы. Қала ауқымы жағынан Астанадан әлдеқайда үлкен болғанымен, инфрақұрылымдық даму деңгейін салыстыруға болады.

астана
Инфографика: Kazinform

Бейжің (Қытай астанасы) Қазақстанның оңтүстік шығысында жатқан әлемдегі екінші экономиканың астанасы ретінде таңдалды. Бұл қала урбанизация, көлік жүйесі және цифрлық технологияларды енгізу бағытында әлемдік көшбасшылардың қатарына кіреді.

астана
Инфографика: Kazinform

Сеул (Оңтүстік Корея астанасы) қаланы жоғары технологиямен басқару жүйесінің эталоны саналады. Смарт-қала шешімдері, қоғамдық көлік пен цифрлық мемлекеттік қызметтердің дамуы бойынша әлемдегі үздік үлгілердің бірі болып есептеледі.

астана
Инфографика: Kazinform

Хельсинки (Финляндия астанасы) халықтың өмір сапасы, инклюзивтілік, экология және қалалық қызметтердің қолжетімділігі жөніндегі халықаралық рейтингтерде үнемі жоғары орын алады. Сонымен қатар климаты жағынан Астанаға ұқсас тұстары бар. Хельсинки мысалы «қысы қатты қала өмір сүруге қолайсыз болады» дегенге саятын тар түсініктерді жоққа шығарып тұр.

астана
Инфографика: Kazinform

Оттава (Канада астанасы) жер шарындағы Қазақстанмен белдеулес жатқан, аумағы орасан, елдің орталығы әрі қала халқының саны соншалық көп емес. Бұл қала Астанаға өмір сапасы, қауіпсіздік және қоғамдық қызметтердің тиімділігі бойынша жоғары көрсеткіштері бойынша үлгі бола алады.

астана
Инфографика: Kazinform

Абу-Даби (Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы) шөлейт климат жағдайында салынған заманауи астаналардың бірі ретінде көз тартады. Мұнайдан түскен табысты қаланың инфрақұрылымын дамытуға пайдалану тәжірибесі жағынан Қазақстан үшін маңызды салыстыру нүктесі болмақ.

астана
Инфографика: Kazinform

Вена (Аустрия астанасы) көптеген халықаралық рейтингтерде әлемдегі өмір сүруге ең қолайлы астананың бірі болып отыр. Сондықтан ол зерттеуде шартты түрде «үздік тәжірибе эталоны» ретінде пайдаланылды.

астана
Инфографика: Kazinform

Мақалаға пайдаланылған деректер бірнеше көзден жинақталды. Олардың қатарында Еуропалық одақтың ресми статистикалық базалары (Eurostat), халықаралық индекстер мен рейтингтер (IMD Smart City Index, Numbeo және басқа да ашық рейтингтер), ұлттық статистика органдарының мәліметтері, муниципалитеттер мен қала әкімдіктерінің ресми жарияланымдары, сондай-ақ ашық қолжетімді ғылыми зерттеулер мен PDF форматындағы сараптамалық есептер бар.

қылмыс индексі
Инфографика Kazinform

Салыстыру барысында барлық көрсеткіштер мүмкіндігінше бірдей әдістеме бойынша қайта есептелді. Әсіресе мәдениет, спорт, жасыл аймақтар және тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштері халық санына шаққандағы мәндер арқылы салыстырылды. Бұл қалалардың көлеміндегі айырмашылықтардың нәтижеге шамадан тыс әсер етуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

астана
Инфографика: Kazinform

Айта кету керек, биыл 10 маусымда әлем елдеріне Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасын таныстырылғанына 28 жыл толды.