Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана турнирінде жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды

Астана ATP 250 турнирінде жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Астана турнирінде жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды
Фото: disk.yandex.ru

Әлемнің 24-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, нидерландтық Таллон Грикспур дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған америкалық Себастьян Кордаға есе жіберді – 4:6, 6:4, 3:6.

Әлемнің 29-ракеткасы, чехиялық Иржи Легечка рейтингте 120-сатыдағы сербиялық Хамад Медьедовичтен жеңіліп қалды – 3:6, 4:6.

Әлемнің 34-ракеткасы, франциялық Адриан Маннарино рейтингте 107-орындағы аустриялық Юрий Родионовты жолдан тайдырды – 6:1, 7:6 (8:6).

Елорда төрінде аустриялық, әлемнің 58-ракеткасы Себастьян Офнер сәтті өнер көрсетіп келеді. Ол осыған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликтің меселін қайырса, бүгін отандасы, АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы Доминик Тимді тізе бүктірді – 5:7, 6:4, 6:2.

Жартылай финалда С.Корда Х.Медьедовичпен, А.Маннарино С.Офнермен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің халықаралық турнирдің абсолютті чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева Бейжіңде әлемнің 30-ракеткасын жеңді.