«Астана» велоклубы «Романдии турына» қатысады
АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Швейцарияда велоспорттан «Романдии туры» басталады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана» велоклубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Онда қазақстандық кәсіпқой велоклубтың намысын Асан Базаев, Александр Дьяченко, Аймар Субельдия, Грегори Раст, Максим Иглинский, Михаэль Шер, Стив Морабито және Хесус Эрнандес қорғайды. Оларға «Астананың» спорт директорларынан Дирк Демоль мен Шон Йетц жетекшілік жасайды. «Романдии туры» осы маусымда «астаналық» велошабандоздар қатысып жатқан Швейцариядағы алғашқы көпкүндік жарыс. Ол мамырдың 3-іне дейін созылмақ. Жалпы қазіргі таңда «Астана» қоржынында 14 жеңіс бар. Оның ең соңғысына сәуірдің 22-сі күні «Джиро дель Трентино» көпкүндігінің алғашқы кезеңінде А. Клёден қол жеткізді.