"Астана" велоклубының шабандоздары Бейжің турына қатысады
АЛМАТЫ. 1 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -Қазанның 5-9 күндері велоспорттан UCI WorldTour күнтізбесінде тұңғыш рет көпкүндік Бейжің туры өтеді. UCI WorldTour күнтізбесінде бұл дүбірлі бәсеке Еуропа құрлығынан тыс жерде болатын 4-ші жарыс болмақ.
Оған қазақстандық кәсіпқой "Астана" велоклубы 8 шабандозын қоспақ. Олар - қазақстандық Андрей Мизуров, Максим Иглинский, Валентин Иглинский, Сергей Ренев, автралиялық Симон Кларк, италиялық Энрико Гаспаротто, эстониялық Танел Кангерт, украиндық Андрей Гривко. Оған "Астанадан" басқа - "Катюша", «Euskaltel-Euskadi», «BMC Racing», «Vacansoleil-DCM», «Lampre-ISD», «Omega Pharma-Lotto», «AG2R La Mondiale», «Movistar», «Quick Step» велокомандалары өз спортшыларын қосқалы отыр.
Бұл байрақты бәсеке 5 кезеңнен тұрады. Оның алғашқы 2 кезеңі жұртшылық арасында «Құс ұясы» деген атпен танымал Олимпиада ойындарының басты спорттық аренасы болған Бейжің ұлттық стадионынан басталады. Бейжің ұлттық жүзу кешеніне дейінгі 1-кезең 11,3 шақырым, Мэньтоугоу ауданына дейінгі 2-кезең 137 шақырымды құрайды. Ал Мэньтоугоудан -Йоннинге дейінгі 162 шақырымдық 3-кезең тау жолдары арқыл өтеді. 189,5 шақырымдық 4-ші кезең Янкиннен Шуньи олипиада аквапаркіне және ақырғы 118 шақырымдық 5-кезең Тяньаньмэнь алаңынан Ұлттық стадионға дейінгі аралықты қамтымақ.