"Астана" велоклубының шабандоздары Нидерланды мен Бельгияда өтетін "Eneco Tour" жарысына қатысады
АЛМАТЫ. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Астана" велоклубының шабандоздары тамыздың 18-25-і күндері Нидерланды мен Бельгияда өтетін "Eneco Tour" жарысына қатысады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда қазақстандық кәсіпқой велоклубтың намысын бұл жолы 8 спортшы қорғамақ. Олар - Андреас Клёден, Андрей Зейц, Болат Райымбеков, Грегори Раст, Дмитрий Муравьев, Сергей Ренев, Стив Морабито мен Томас Вайткус. «Астаналықтарға» бұл жарыста клубтың спорт директорларынан Дирк Демол жетекшілік жасағалы отыр. Бұл спортшылардың арасынан бұған дейін Андреас Клёден ғана өз командасына сәуірдің 17-сінде "Sea Otter Classic Road Race" жарысында үлкен жеңіс сыйлаған болатын. Жалпы қазіргі таңда "Астана" қоржынында түрлі деңгейдегі жарыстарда спортшылар қол жеткізген 28 жүлде бар. Оның ең салмақтысы Альберто Контадордың шілденің 26-сындағы "Тур де Франс" көпкүндігінің негізгі жіктеліміндегі әйгілі жеңісі болып отыр.