15:20, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
«Астана» велоклубының спортшылары Францияда өтетін жарысқа қатысады
АЛМАТЫ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Астана» велоклубының спортшылары ақпанның 21-22-сі күндері Францияда өтетін «Tour Cycliste International du Haut-Var» жарысына қатысады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл байрақты бәсекеде қазақстандық кәсіпқой велоклубтың намысын 8 спортшы қорғамақ. Олар ? Асан Базаев, Болат Райымбеков, Максим Иглинский, Роман Киреев, Даниэль Наварро, Аймар Субельдиа, Хесус Эрнандес пен Александр Дьяченко. Оларға спорт директорларынан Ален Галопин жетекшілік жасамақ. Оның өзге серіктерінен Дирк Демол мен Александр Шефер қазіргі таңда Португалиядағы «Volta ao Algarve» турына қатысып жатқан 8 спортшыға басшылық жасауда. Ақпанның 18-інде басталған бұл сайыс дүйсенбі күні аяқталмақ. Ал Йохан Брунель, Вячеслав Екимов пен Шон Ятес жетекшілік еткен үшінші топ АҚШ-тағы «Amgen Tour of California» турында бақ сынауда. Ақпанның 18-інде басталған бұл бәсеке де ақпанның 22-сінде өз мәресіне жетпек. Онда «Астана» абыройын Лэнс Армстронг, Яни Брайкович, Крис Хорнер, Леви Лейфаймер, Стив Морабито, Ярослав Попович, Грегори Раст пен Хосе Луис Рубьер сияқты саңлақ спортшылар қорғауда.