«Астана» велокомандасы «Тур де Франс-2014» додасын жеңуді мақсат етіп қойды

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - «Astana Pro Team» велокомандасы «Тур де Франс -2014» додасында жеңіс тұғырынан көрінуге бел байлап отыр. Бұл туралы итальяндық Брешиадағы команданың ресми таныстырылымында велокоманданың бас менеджері Александр Винокуров мәлім етті.

«Астана» велокомандасы «Тур де Франс-2014» додасын жеңуді мақсат етіп қойды

«Өткен жылы біз «Джиро д'Италия» жарысын жеңу үшін жұмыла жұмыс істедік, алайда бұл оңайға түскен жоқ. Бірақ та біз көрсеткен күш-жігер Брешиадағы жеңіске алып келді. Сондықтан да бүгін осы жерде тұрып, «Тур де Франс-2014» додасы белестерін еңсеруге дайын екенімізді жария ету - үлкен мәртебе»,-деді А. Винокуров.

Өз кезегінде команда капитаны Винченцо Нибали шілдедегі «Тур де Франс» ұжымның негізгі мақсаты екенін атап өтті. Сонымен қатар «Милано - Сан-Ремо», «Льеж-Бастонь-Льеж», «Париж-Ницца», «Тиррено-Адриатико» және «Джиро д'Италия» жарыстарында жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін тиісті бағдарлама әзірленген көрінеді.