«Астана» велокомандасын А.Винокуров басқармақ

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында журналистерге сұхбат берген Александр Винокуров атап көрсеткендей, күні кеше ғана ол Қазақстанның велоспорт федерациясының басшысы Қайрат Келімбетовпен кездескен. Сол кезде Қ.Келімбетов «Астана» командасының басшылығына А.Винокуровтың келуін қалайтындығын білдірді. «Федерация басшылығы бұл мәселені бұған дейін де көтерген болатын. Мен өз қызметімді жалғастыратыныма қуаныштымын. Себебі өзімнің спорт жолымды соңғы жарақат алумен аяқтағым келмейді. Әрине, әзірше мен «Тур де Франс» сияқты белестерді алым деп мақсат қоя алмаймын. Ең бірінші кезекте келесі кезеңге дайындалу қажет деп ойлаймын. Одан кейін команда саясатына араласу да менің міндетіме кіретін болады. Біз «Астана» командасын алғашқы 15-тікте сақтап қалуға тырысамыз», - дейді А.Винокуров.
Бүгінгі жалпы ұпай саны жағынан А.Винокуров «Астана» командасының көшбасшысы болып саналады. Алдағы уақытта ол «Астана» командасының тізгінін өз қолына алса, командасының спорт директоры Дмитрий Седун «Астана-2» жастар командасына жетекшілік ететін болады.