«Астана» велошабандозы «Вуэльта Испанияның» 11-кезеңінде үздік ондыққа енді
АСТАНА. KAZINFORM — «Вуэльта Испания» көпкүндік веложарысының 11-кезеңі аяқталды. Картахена мен Лорка қалалары арасындағы 153,8 шақырымдық кезең спринтерлердің тартысымен өрбіді. Бұл туралы Sports.kz жазды.
Кезең жеңімпазы атанған британдық Мэттью Бреннан («Visma | Lease a Bike») қашықтықты 3 сағат 17 минут 18 секундта бағындырды. Екінші орынды франциялық Бриан Кокар («Cofidis») иеленсе, бельгиялық Йорди Мёйс («Red Bull — BORA — hansgrohe») үздік үштікті түйіндеді.
«Астана» командасы сапындағы ең үздік нәтиже италиялық Алессандро Ромелеге тиесілі. Ол мәреге сегізінші болып жетті. Эритреялық Хенок Мулюбырхан 13-орынға тұрақтаса, колумбиялық Харольд Техада 24-орын алды. Испаниялық Кристиан Родригес 55-ші, қазақстандық Евгений Федоров 88-ші болып келді.
Италиялық Лоренцо Фортунато жеңімпаздан 2 минут 43 секунд қалып, 102-орынға жайғасты. Ал нидерландтық Даррен Ван Беккум мәреге 139-шы болып жетіп, көшбасшыдан 9 минут 39 секундқа қалып қойды.
Жалпы есептегі жағдай
Жалпы есепте «Movistar» командасының испаниялық өкілі Энрик Мас көш бастап келеді. Оның жалпы уақыты — 35 сағат 59 минут 2 секунд.
Екінші орында словениялық Примож Роглич («Red Bull — BORA — hansgrohe») тұр. Ол көшбасшыдан 1 минут 18 секундқа қалып келеді. Үздік үштікті австриялық Феликс Галль («Decathlon CMA CGM») түйіндейді. Оның Масқа қарағанда 1 минут 39 секундтық айырмасы бар.
«Астана» командасының жалпы есептегі ең үздік велошабандозы — колумбиялық Харольд Техада. Ол сегізінші орында және көшбасшыдан 4 минут 39 секундқа қалып келеді.
Команданың өзге өкілдері арасында испаниялық Кристиан Родригес 13-орында (+9 минут 42 секунд), эритреялық Хенок Мулюбырхан 59-орында (+1 сағат 7 минут 9 секунд), италиялық Лоренцо Фортунато 83-орында (+1 сағат 22 минут 59 секунд), Алессандро Ромеле 104-орында (+1 сағат 38 минут 33 секунд), қазақстандық Евгений Федоров 108-орында (+1 сағат 41 минут 7 секунд), ал нидерландтық Даррен Ван Беккум 110-орында (+1 сағат 41 минут 54 секунд) келеді.
Айта кетейік, бұған дейін тасжолдағы велоспорттан Қазақстан ерлер құрамасының бапкерлер штабы Аичи-Нагояда (Жапония) өтетін 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын спортшылардың тізімін жариялаған болатын.