«Астана» велошабандозы Мадридте жол апатына ұшырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana» велошабандозы Омар Фраиле Мадридте жол апатына тап болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі команданың Твиттердегі парақшасына сілтеме жасап.
«Жексенбіде Astana Pro Team командасының шабандозы Омар Фраиле мен оның құрбысы Мадридте жол апатына ұшырады. Екеуі де ауыр жарақат алды. Омар Фраиленің алты қабырғасы сынып, омыртқасына зақым келген. Спортшының құрбысына ота жасалады. Біз осы апаттан зардап шеккен жандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз», - делінген велокоманданың ресми Твиттер парақшасында.
Еске сала кетсек, осы жылдың сәуір айында «Астана» велокомандасының дәл осы испандық шабандозы Омар Фраиле «Романдия туры» көпкүндік веложарысының бірінші кезеңінде мәре сызығын бірінші болып кескен еді. Екінші орынды ол тұста «Bahrain-Merida» командасының велошабандозы, италиялық Сонни Кольбрелли, үшінші орынды «UAE Team Emirates» командасынан португалдық Руя Кошта иеленген болатын.