Астана вокзалындағы автотұрақ 26 наурызға дейін тегін болады

Бұл туралы Астана әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Элвира Жүргенбаева хабарлады.
«2017 жылғы 18-26 наурызда вокзал маңындағы ақылы автотұрақ тегін болады. Тегін режім кезінде, ақылы автотұрақтағы көлік ағынын реттеу үшін инспекторлар қызметінің жұмысы күшейтіледі», - деп жазды ол Facebook-қа.
Еске салсақ, 10 қаңтарда Астана вокзалы маңындағы автотұрақ ақылы түрде жұмыс істей бастады.
Автотұрақтың сыйымдылығы 250 машина, оның 9-ы - мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, 20 орын ресми такси қызметтерінің өкілдеріне арналған. Тұрақтың алғашқы 30 минутына ақы алынбайды, көлік екі сағатқа дейін тұрса - 200 теңге, 12 сағатқа дейін тұрса 1000 теңге алынады. 24 сағатқа дейін - 1800 теңге. Автотұрақ қызметін екінші тәулік қолдану - 2000 теңге көлемінде.